Білім саласына бөлінген қаражат тиімді игерілмей келеді

09.09.2020

Қашықтан оқыту жүйесіндегі олқылықтарды бүгін Мәжіліс депутаттары сынға алды. Депутаттардың сөзінше, білім саласын цифрландыруға соңғы 9 жылда 72 млрд теңге бөлінген. Оның 30 млрд-ы E-Learning электронды оқыту жүйесін дамытуға жұмсалған. Бірақ нәтиже жоқ. 

Пандемия білім саласындағы біраз былықтың бетін ашты. Соның бірі цифрландыру саласындағы сан сұрақ. Бірнеше министрліктің бірігумен жасалған 7 онлайн платформа жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Жүйесіздіктен оқу процесі үзіле береді, ал ата-аналардан шағым көп. Дәстүрлі оқу мен онлайнның ортасында жүрген бастауыш мұғалімдеріне жүктеме көбейді. Интернеттің сапасы да айтыла-айтыла жауыр болды. 

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Жаңа оқу жылы басталысымен оқушылар көптеген кедергілерге кездесті. 55000 оқушы бар 835 ауылда әлі күнге дейін интернет жоқ. 1 млн білім алушы компьютермен қамтылмаған. Осы мәселелерге байланысты, министрлік күші біріктіру керек, бөлінген ақша тиісті шараға жұмсалу керек, бірыңғай онлайн платформа құрып, сапасын арттыру қажет.

Депутаттардың ойынша білім саласына бөлінген қаржы мақсатты игерілмейді. Мәселен, 2016 жылдан бері салаға бюджеттен 27,2 млрд теңгеге трансферт бөлінген. Бұл қаражат мультимедиялық жабдық алуға, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге, мектепті цифрлық білім беру ресурстарына қосуға негізделген. Сондай-ақ министрлік, 2017 жылы ауыл мектептерін техникамен жабдықтауға, 5000 мектепті мультимедиялық жабдықпен қамту мақсатында, дүнижүзілік банкінен 67 млн доллар займ алған. 

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

 - Алайда, мәселенің өзектілігіне қарамастан, қолдағы ақпаратқа сәйкес жобаның ешбір бағыты бойынша осыған дейін конкурс жарияланбаған. Ал ауыл мектептері үшін интернетпен қамтамасыз етуге компьютер мен жабдықтарды алуға техникалық тапсырма да әзірленбеген. Бірақ, Қазақстан үш жыл қатарынан займды резервтеу үшін бюджеттен комиссия төлеп келеді. Біз министрлік тарапынан осы қаражаттарың қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беруді талап етеміз. 

Ал биыл Білім министрлігі оқыту процесін цифрландыруға тағы 74 млрд теңге сұраған. Халық қалаулылары бұған қарсы. Себебі қаржы дұрыс жұмсалмайды. Сонымен бірге депутаттар білім саласындағы жүйесіздікті жою үшін дәстүрлі оқыту жүйесіне көшу керек, - дейді. 

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жүйе уақытша болып көрінген еді. Алайда, міне, бесіншы айға созылды. Білім саласы қашықтан оқыту форматы жалғастырып келеді. Біз санитарлық талаптарды ескеріп, тазартқыш сәулелі ионды құралдар орнатып, бетперде, санитайзер қолданып, ара қашықтық сақтап, дәстүрлі білім беруді жалғастыруымыз керек.  

Қазақ тарихта елі талай қиындықтарды еңсерді. Өткенге шолу жасаған депутаттар еш уақытта білім ордасы жабылмаған, тіпті бір сәтте ақсамаған. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Біздің елдегі қашықтан оқыту жүйесін Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай сияқты елдермен салыстыруға келмейді. Егер оқушылар мен студенттер бұрыңғы оқу жүйесіне көшпесе, білім сапасы нашарлап, балалардың білім алуы құқығы шектеледі, - дейді депутаттар. Білім саласындағы былықты тізбектеген депутаттар министрлікке екі таңдау ұсынды. Бірі қашықтан оқыса, білім беру жүйесі әр оқушыға қолжетімді болу керек. Немесе бұрыңғы дәстүрлі оқыту жүйесіне көшу керек. 

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу