Шығысқазақстандық тұрғындар жаңартылып жатқан жолдың сапасына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық тұрғындар жаңартылып жатқан жолдың сапасына наразы

08.09.2020

Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындары жаңартылып жатқан жолдың сапасына наразы. Қатон-Қарағай ауданына қарасты Ново-Поляковка елді мекеніндегі жолдарға кесек тас аралас сары топырақ төселіп жатыр. Жергілікті халық Ұлттық арна тілшілеріне енді жол көлік тұрмақ жаяу жүруге келмейді деп шағымын жеткізді.

Ауыл ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 6 шақырымға жуық. Биыл оларды жөндеу үшін бюджеттен 13 миллион теңге бөлінген. Бірақ атқарылған жұмыс тұрғындардың көңілінен шықпады. Бұған дейін балшықтан көз ашпаған жұрт сол күйі бейнет кешіп отыр.  

Берік Көшербай, тілші:

 - Көшенің тура ортасында шашылып жатқан кесек тастарды ауыл тұрғындары өздері жолдан алып тастап, жиегіне жинап қойған. Бірақ кейбір тастар өте үлкен және ауыр. Мысалы, бір тасты бір адам қозғағанымен, көтеру үшін кемінде 2-3 кісі керек.

Ново-Поляковка ауылдық округінде егін және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Туристік әлеуеті де мол, бірақ бұл саланы өркендетуге жолдың нашарлығы көп кедергі. 

Әния Ұдаспаева, ауыл тұрғыны:

- Жолымыз жаман. Бір рет асфальт төсеген дұрыс деп есептеймін.

Әкім болса ауылдастарына мердігерлер барлық кемшіліктерді жояды дегенді алға тартып отыр. Құрылыс материалы мен тың технологияның тапшы екендігін жасырмады. 

Сержан Байбосынов, Ново-Поляковка ауылдық округінің әкімі: 

- Бізде тек қана таудың тасы бар. Одан басқа жол салуға материал жоқ. 

Жақын арада ауылдың жолы тегіс бола қояды деу қиын. Себебі, бұл елді мекенге әкелетін үлкен жолда да ешқашан асфальт болмаған. Ал ауыл ішіндегі жол соңғы рет 7 жыл бұрын жеңіл-желпі жөнделген.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу