Түркияда коронавирус қайта өрши бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда коронавирус қайта өрши бастады

03.09.2020

Соңғы күндері Түркияда коронавирустың қайта өрши бастағанын айттық. Кеше елдің Денсаулық сақтау министрлігі Түрік елінде коронавирустың екінші шарықтау кезеңі болып жатқанын айтты. «Дегенмен мұны вирустың екінші толқыны деуге болмайды», - деді министр. Бауырлас елдегі қазіргі жағдай қандай? Қандай шектеулер бар? 

Айдос Әшімұлы, тілші: 

- Түркиядағы жағдай күннен күнге ушығып барады. Соңғы мәліметке сай бір күнде 1596 адам вирус жұқтырған. Бұл кейінгі екі айдағы ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе Анкара, Бурса, Измир сияқты ірі қалалардағы жағдай мәз емес. Түркия Денсаулық сақтау министрінің айтуынша вирустың тез таралуына негізгі себеп халықтың сақтыққа мән бермеуінде. Оның үстіне қазір бұл жақта да той маусымы. Халық шектеулерге қарамай жүздеген адамның басын қосып той жасауды қояр емес. Өткен аптада бір тойда 100 адам вирус жұқтырған. Осыдан кейін елде той жасауға шектеу қойылды. 

Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:

- Ғылыми кеңестің ұйғарымымен, той өткізуге қатысты кей қалаларымызда ғана болған шектеулер енді барлық Түркия аумағында болады. Яғни, үйлену тойы, неке қию, сүннетке отырғызу сияқты басқосуларда ыстық тамақ бермеу керек және бір сағатта аяқтау қажет. Біз вирустың таралуы бақылаудан шығып кетті деп айтпаймыз. Алайда тәртіпке бағынбасақ соңы ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін.  

Айдос Әшімұлы, тілші: 

- Вирус жылдам тарағанымен әзірге елде коменданттық сағат жариялау, туристердің келуіне шектеу қою немесе шекараны жабу деген мәселе көтерілген жоқ. Тек кейбір мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері үйден жұмыс істеуге көшті. Ал мектептер 21 қыркүйекке дейін қашықтан оқытады. 

Хабарламаларға жазылу