Кәсіпкерлерді қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлерді қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді

03.09.2020

Кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген қаржының 250 млрд теңгесі әлі игерілмеген. Демек күрделі кезеңде табысынан қағылған бизнесмендердің сол ақшаны алып, ісін қайта ширатуға мүмкіндігі бар. Ал көмекке мұқтаждар аз емес екені мәлім. Сондықтан мемлекет қосымша 200 млрд теңге қарастырып отыр. Нәтижесінде қолдау қаржы көлемі 800 млрд-қа жетіп, шағын-орта бизнесті түлетуге жұмсалады.    

Коронадағдарыстың салқыны тимеген сала жоқ. Әсіресе, шағын бизнес шатқаяқтады. Сондықтан Ұлттық банк кәсіпкерлікке арналған бағдарламаны жалғастырады. Яғни, биыл берілуі тиіс көмек қаржы көлемі ұлғаяды әрі 2021 жылдың соңына дейін созылады. Бұл - Президенттің пәрмені.  

Есжан Біртанов ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:  

- Бұл бағдарламаға шағын және орта кәсіпорындар қатыса алады. Бұлардың өтінімдерін біз қарастырамыз. Олар 12 банк арқылы қарастырылады. Бұл бағдарлама бойынша қазір 2207 кәсіпорын бізге қолдау үшін өтініш берді. 536 миллиард теңгені құрайды. Оның қазіргі таңда 1279 кәсіпорынға қаржыландыру жіберілді.

Алайда қолдауға мұқтаждар қатары бұдан да көп. 200 млрд теңгенің қосымша қарастырылуы да осыдан. Төтенше жағдай жарияланғанда зардап шеккен кәсіпкерлерді көтермелеу үшін 600 млрд бөлінген еді.  

Сондай-ақ, Президент ақша-несие саясатын оңтайландыруды тапсырған. Ұлттық банк қазір осыған қамданып жатыр. Бұл жұмыстармен жаңадан ашылатын комитет айналысады. 

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Бұл арнайы алқалы орган болады. Комитет жыл соңына дейін құрылады. Базалық мөлшерлеме мен оның дәлізіне қатысты мәселелерді реттеп отырады. Батыстағы дамыған елдердің үлгісін негізге аламыз. 

Нақтылай түссек, жаңа ведомство ақша-несие саясатындағы шикіліктерді жоюға, теңгеге деген сенімді күшейтуге және инфляцияны тұрақты ұстауға міндетті болады. Түптеп келгенде ел экономикасына ұзақ мерзімді шетел инвестициясын тартуға жауапты. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу