Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 26 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 26 миллионнан асты

03.09.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 26 миллионнан асты. 863 мыңдай адам қауіпті кеселдің құрбаны болды. Осы вирус ошағына айналған Қытайдың Ухань қаласында мектептер қайта ашылып, оқушылар сабаққа оралып жатыр. Ал ел астанасында халықаралық әуе рейстеріне рұқсат берілді. 

Бейжің әуежайына алғашқы халықаралық ұшақ Камбоджадан келді. Жолаушылардың барлығы сапарға аттанардан бұрын коронавирусқа тест тапсырған. Халықаралық рейспен әзірге күніне 500 адамды тасымалдауға ғана рұқсат. Мұндай жаңалықты елде оқитын шетелдік студенттер аса қуанышпен қабылдады. Алайда олар Қытайға келген бойда 14 күн карантиннен өтуі тиіс. Жоғару оқу орындарымен қатар, вирус ошағына айналған Уханьда да 7 айдан кейін мектептер қайта ашылып жатыр. 

Чао Чонг, ата-ана: 

- Оқу жылының басталуына көп дайындалдық. Мектептердің ашылғанына балалар да, ата-аналар да мәз. Вирус ешқайда жоғалып кетпейді. Сондықтан үнемі маска тағып жүруге де үйрендік.

Перуде эпидемияның екінші толқынының алдын алу үшін, полиция адамдардың топталып жиналмауын қадағалауда. Мұнда 622 мыңдай адам жұқпалы дертке шалдықққан. Мемлекет – халық санына шаққандағы өлім-жітім көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы орында.

Ал Франция коронавирустан зардап шеккен экономиканы қалпына келтіруге 100 миллиард еуро бөледі. Қомақты қаражат 200 мың жұмыс орнын құрып, 2030 жылға дейін мемлекетті дамытуға жұмсалмақ.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Біз қаражатты экономикаға көп бөлу арқылы компанияларды ынталандырамыз. Қызметі жанданған кәсіпорындар көбірек жұмыс орнын ашады. Жұмыссыздықпен осылай күресеміз деп жоспарлап отырмыз.

Грекияда коронавирус мигранттар лагеріне қауіп төндіріп тұр. Босқындарға лық толы орталықтардың бірінде алғаш рет COVID-19 анықталды. 

Жұқпалы инфекция Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускониден де анықталды. 83 жастағы саясаткер вирусты Сардиния аралдарына барғанда жұқтырған. Дәрігерлердің сөзінше, Берлускониде ауру симптомсыз өтуде.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу