Зейнетақы жинағын алу үшін онда қанша ақша болуы керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы жинағын алу үшін онда қанша ақша болуы керек?

03.09.2020

Зейнетақы қорындағы ақшаны алудың шарттары белгілі болды. Бүгін Үкіметте вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған министрлер Президент Жолдауын іске асыру барысы туралы баяндады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын келер жылдан бастап ала алады. Сонымен қордағы ақшаны кімдер жəне қандай жағдайда ала алады?

Досжан Маратұлы, тілші:

- Қазір бұл сұрақ көпті толғандырып жүрген сияқты. Президент Жолдауда осы шаруаны бір жақты қылуды тапсырған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бүгін қордағы ақшаны кімдердің алатынын айтып берді. 

Олар жұмыс істеген немесе жұмыс істеп жүрген, қорда жарнасы бар азаматтар. Егер жинағы жеткілікті мөлшерден асып тұрса, сол ақшаны үй алуға, жөндеуге немесе ипотека жабуға ала алады. Ал жеткілікті мөлшер деген қанша? Мысалы 30 жастағы азаматтың шотында кемінде 2 миллион 518 мың теңге болуы керек, ал 35 жастағы азаматтың шотында 2 миллион 961 мың, 40 жастағы салымшыда 3 миллион 437 мың теңге болса жеткілікті. Яғни, осы соммадан артылған ақшаны алуға болады. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Ел Президентінің тапсырмасымен осы жылдың аяғына дейін бүкіл нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады. Сөйтіп, 2021 жылдан бастап біздің азаматтар және жоғарыда айтқан тәртіппен жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін алатын болады. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Алдын ала есеп бойынша елімізде жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндігі бар осындай 721 мыңда адам бар. Айта кетерлігі үй алуға қаражат алу үшін құжат жинау ережесі қандай десеңіз, оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеп, хабарлайтын болады. Ал емделу үшін қордағы ақшаны алу тәртібін, Денсаулық сақтау министрлігі әзірлейді. 

Хабарламаларға жазылу