Отандық медицина мен білім саласын заман көшіне бейімдеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық медицина мен білім саласын заман көшіне бейімдеу қажет

02.09.2020

Індет бүйірден қысқанда кей саланың олқы тұсын көрсетіп, кем-кетігін айқындап берді. Әсіресе, отандық медицина мен білім саласын заман көшіне бейімдеу қажеттігін байқатты. Президент Жолдауында осы бағытта нақты тапсырмаларды берді. Әсіресе, халықтың денсаулығына жаңаша көзқарас пен ғылымды дамытуға мән беру қажет. Жуық арада бұл мақсатта қомақты қаржы да бөлініп, арнайы бағдарламалар жасалмақ.

Енді эпидемиология саласына қажет маман даярлау мықтап қолға алынады. Өйткені кадр тапшылығы елді коронавирус жайлағанда айқын сезілді. Ғылымға бет бұрған жастар үшін де гранттар беріліп, әлемнің ең үздік білім ордаларына барып оқуға мүмкіндік артады. Ауылдағы медицинаны дамытуда да қомақты өзгерістер күтіп тұр. 

Ерсін Жүнісов, Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры:

- Жаңағы эпидемиологиялық қызметті қайта жандандыру. Ауылдық медицинадағы транспорттық медицинаны жандандырыру деп жатыр.

Білім беру саласы да бұрын-соңды болмаған сынаққа тап болды. Тиімді онлайн платформаның жоқтығы, ұстаз бен оқушыны, ата-аналарды да тығырыққа тіреді. Сондықтан Президент санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім берудің дәстүрлі әдісіне көшу қажеттігін атап өтті. «Әсіресе, карантин кезінде баланы онлайн оқытудың оңай еместігіне көп балалы отбасылар көз жеткізді», -дейді Тобыл өңіріндегі 9 баланың анысы Құралай Бәйменова. 

Құралай Бәйменова, көпбалалы ана:

- Мектепке баратын балаларым бар ватсаппен отырып, балалардың сабағына қарап басымызды көтере алмай, небір қиындықтар туындады. Қазір соның мәселесін көтеріп жатыр Мемлекет басшысы. Жолдауда дәстүрлі мектепке барып оқысын деп, мұғаліммен сыныптастарымен мектепке барып сапалы білім алғаны жақсы.

Елімізде әлеуметтік саясат өзгертілмек. Өйткені халықты әлеуметтік қамсыздандыруға байланысты қабылданған заң көздеген нәтижені бермей келеді. Себебі бұл құжаттарда мемлекеттің міндеті көмескіленген. Салдарынан азаматтардың көбі құқықтарын білмейді. Нәтижесінде мемлекет берген мүмкіндіктерді мүлт жібереді. Сол себепті Президент Үкіметке Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырды. 

Ғалымжан Шәмшідінұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Осылай көпбалалы отбасыларға көмек беріп, мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылса, жастар көбейеді, көпбалалы отбасы болуға тырысады. Мемлекеттің жеңілдігін сезінеді. 

Жолдауда жүктелген әр тапсырма - халықтың көкейіндегі мәселе. Президент Үкіметке олардың уақыт оздырмай сапалы, әрі нақты орындалуын міндеттеді.   

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу