Шенеуніктер санын қысқарту, жаңа агенттіктер мен министрлік құру, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі: Президент Жолдауында тағы не айтылды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шенеуніктер санын қысқарту, жаңа агенттіктер мен министрлік құру, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі: Президент Жолдауында тағы не айтылды?

01.09.2020

Шенеуніктер санын қысқарту, мемлекеттік басқару жүйесін жаңа модельге көшіру, жаңа агенттіктер мен министрлік құру, мұғалімдердің жалақысын өсіру және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысына өз жинағының бөлігін баспана алуға, не емделуге жұмсауға мүмкіндік беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке қойған басты тапсырмалар осы. Сондай-ақ Президент пандемияның әлі екі жылға созылу қаупін ескеріп, дағдарысқа қарсы ауқымды міндеттер қойып отыр. 

Күрделі кезеңде пандемиямен күрес қана емес, әлсіреген экономиканы көтеріп, халықтың тұрмысын жақсарту, мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту маңызды. Парламенттің жаңа сессиясын ашқан Президент алдымен Үкімет пен қос палата өкілдерінің есіне өткендегі олқылықтарды салып өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы. Алайда ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жалғасуда.

Өйткені ДДСҰ эпидахуал алдағы екі жылға дейін тұрақталмауы мүмкін деп болжап отыр. Сондықтан індетпен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалуы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет.

Індет біраз былықтың бетін ашып берді. Президент мәселе туындағанда ғана шұғыл қимылдайтын шенеуніктерді, қағазбасты жүйені бір түйреп алды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Карантин кезінде құқықтық жүйенің сөлекеттігі «жіңішке кеңірдек» эффектісін туындатты. Осыған орай ТЖ режимін енгізіп, былайша айтқанда «Төтенше жарлық» қабылдауға тура келді. Бірақ мұндай шаралар дағдарыстарға қарсы жүйелі құрал ретінде қолданылмауы тиіс. Ең басты проблема атқарушы билік жұмысы заңнамалық тұрғыдан тым артық реттелуінде. Біз министрлер мен әкімдерден талап етеміз. Алайда олардың өкілеттері заңдар мен қаулылардағы ережелермен шектеулі. 

Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың жұмысын тежейді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды тапсырды. Реформалар кезең-кезеңмен жүргізілуі тиіс. Мемлекет басшысы жаңадан Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрып, Статистика жөніндегі комитетті соның құрамына кіргізуді жүктеді. Жаңа ведомство тікелей Президентке бағынышты болады. Сондай-ақ жұмыс режимі онлайнға көшкен тұста аппарат ұжымының шамадан тыс үлкен екені айқындалды. Бұл орайда мемлекет басшысы шенеуніктердің санын 2021 жылға дейін 25 пайызға қысқарту қажет деп санайды. Ал үнемделген қаражаттың арқасында өзге қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Жауапты хатшылардың институты да тиімсіз деп танылды. Президент оларды да таратып, бұл міндетті министрліктердің аппарат жетекшілеріне жүктеді. Вируспен күрес Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің қажеттігін көрсетіп берді. Сондықтан бұл ведомство қайта ашылады. Үкімет алдына қойылатын тағы бір маңызды міндет - өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы саладағы табыстарымызға қарамастан ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісі шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада өңдеу өсімін жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен көлік өндіру және тағы басқа салаларды қамтиды.

Қазақ үшін қашан да өзекті жер мәселесі де Жолдауда сөз болды. Президент мораторий күшін жойса да, жер шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Ал өз азаматтарымыз жер еміп, игілігін көру үшін Үкіметке ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізу үшін өзге әдіс-тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда. Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. 

Бәсекелестік орнамай тұрған сала көп. Электроэнергия, мұнай өнімдері, байланыс және фармацевтика өндіру, тағысын-тағы. Басты тежеуіш: әкімшілік ресурс. Алпауыт монополистер ұсақ кәсіпорындарға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту да басты назарда. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек. Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс.

Бұл ретте президент портфельді компанияларды 2 есеге азайып, штат санын 50 пайызға қысқаруды жөн санайды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуға мүмкіндік жасау керек екенін қадап айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын.

Жалпы, Президенттің биылғы Жолдауы 11 тараудан тұрды. Олардың ішінде ұлт саулығы, білім, ғылым, цифрландыру, бизнесті қолдау, азаматтардың мүддесін қорғау сынды барлық маңызды бағыттар бойынша нақты тапсырмалар бар. Бір сағаттан астам сөз сөйлеп, мақсаттарды айқындаған президент бұл күрделі кезеңнен де бірлесе өтетінімізге сенім білдірді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы. Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз.  

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу