Жамбыл облысындағы тарихи нысандар қараусыз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы тарихи нысандар қараусыз жатыр

31.08.2020

Жамбыл облысы Меркі ауданындағы тарихи орындар мен тұмса табиғатқа келетін туристер көбейген. Алайда көпшілік баратын жерлер қараусыз қалып, қоқыс басып барады. Ал орта ғасырлардан сыр шертетін тарихи нысандардың бүлініп бара жатқаны қынжылтады.

Бұл - V-VI ғасырларға жататын Меркі үңгірі. Қазір мемлекет қамқорлығына алынған тарихи нысанның аумағын қоқыс басып жатыр. Алайда мұнда саяхаттаушылардың қатары толастар емес. Еліміздің түкпір-түпірінен келген қонақтар көрікті мекеннің қараусыз жатқанына қапалы.

Айжан Төлебаева, Тараз қаласының тұрғыны:

- Тараз қаласынан қыдырып келіп отырмыз, табиғаты өте керемет, бірақ қараусыз қалғаны көрініп тұр, қоқыс тастайтын орындар жоқ.

 Ақжан Теңізбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Бұл жерді тазалап қойса, жақсы болар еді. 

 Жергілікті әкімдік өкілдері бұл аумақ апта сайын тазаланады деп отыр. Алайда жол жиегіндегі қоқыс жәшіктерінің көптен төгілмей тұрғанына біраз уақыт өткен сыңайлы.

Қазір тарихи үңгірге жақын маңдағы ежелгі заманғы петроглифтер турситік нысаны орналасқан. Мемлекет қорғауына алынған тарихи орындағы жүздеген жәдігерлер бүгінде қараусыз жатыр. Ал, туристік нысан ретінде орнатылған qr код белгілер де әлдеқашан өшіп қалған.  

Меркі ауданы - Жамбыл облысындағы туристік әлеуеті мықты аудан. 200-ден астам құнды жәдігерлер мен ортағасырлық екі қала, ондаған керуен сарайлары сақталған. Алайда тарихи нысандардың қорғау жұмыстары бүгінде жолға қойылмай келеді.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу