Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 832 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 832 мыңнан асты

29.08.2020

Жаһанда коронавирус жұқтырғандар саны 24,5 миллионнан асты. Олардың жартысынан астамы – Америка континенттерінен. Сонымен қатар науқастар өткен тәулікте Үндістан мен Оңтүстік Кореяда да көбейді. 

«Рейтер» агенттігінің дерегінше, бүгін әлемде коронавирус жұқтырғандар 24 миллион 600 мыңнан асып, 832 мыңдайы қайтыс болды. Осы науқастардың 6 миллионға жуығы АҚШ-та, 7 миллионнан астамы – Латын Америкасында, 4 миллиондайы – Еуропада. 

Өткен тәулікте Оңтүстік Кореяда 323 адамнан коронавирус табылды. Мұнда жұқтырғандар саны 16 күннен бері төмендемей отыр. Ауырғандардың көбейгені сонша, мемлекет астанасы Сеул госпитальдерінде оларды қабылдайтын орын жетпей жатыр. 

Ал Малайзияда карантиндік шектеулер мерзімі ұзартылып, елге шетелдік туристердің кіруіне жыл соңына дейін тыйым салынып отыр. Және де Covid-19-ға шалдыққандарды есепке алу үшін QR код технологиясы қолданыла бастады. 

Сам Ло, коммуникациялық технология компаниясының директоры:

- Біз QR кодты қолдануға мәжбүрміз. Меніңше, бұл - дұрыс бастама. Науқастар туралы деректі кітапшаға жазылған мәліметтен алғанша, осындай технологиямен жинаған жеңілірек. 

Соңғы 24 сағатта Үндістанда 76500-ге жуық адамнан қауіпті инфекция анықталып, «ковидті» жұқтырғандардың жалпы саны 3 жарым миллионға жақындап қалды. Тіпті мұндай пациенттер шалғайдағы Андаман және Никобар аралдарынан да табылып жатыр. Жалпы алғанда, Үндістанда коронавирустан 62550 адам қайтыс болды. 

Дегенмен, Австралияның халық ең көп шоғырланған Виктория штатында эпидемиялық жағдай біршама жақсарды. Бүгін мұнда COVID-19 диагнозы 94 адамға ғана қойылып, екі айдан бері олардың тәуліктік саны алғаш рет 100-ден төмендеп отыр. 

Дэниель Эндрюс, Виктория штатының премьері:

- Біздің Виктория штатымызда коронавирусты жұқтырудың расталған оқиғалары 94 адамға көбейіп, 18903-ке жетті. Өкініштісі сол – ғаламдық пандемиядан 513 адам жоғалтып отырмыз. 

Қытай астанасындағы 590 мың оқушының үштен бірі мектептерге оралды. Олардың барлығы кезең-кезеңімен қыркүйектің 7-не дейін сыныптарға қайтуы тиіс. Балалар мен мұғалімдерге қойылып отырған негізгі талап – маска тағу. Айта кетсек, өткен тәулікте Қытайда небары 9 адамнан коронавирус табылды.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу