Атырау облысындағы Жапырық аулының тұрғыны Ғалымжан Мұқашев өз үйінен музей ашты. Зейнеткердің жеке қорында 100-ден астам жәдігер бар. Көбі ретро стильде. Екі заманның естелігін бір бөлмеге сыйғызған коллекционермен тілшіміз Жандос Темірғали сұхбаттасты.
Ғалымжан Мұқашевтің негізгі мамандағы есепші. Ескі заттарды жинауды бала кезінен бастаған. Уақыт өте хоббиі көздің жауын алар шағын музейдің ашылуына түрткі болды. Ерекше іске құлшыныс берген алғашқы экспонат - анасының ұршығы.
Ғалымжан Мұқашев, коллекционер:
- Ұршықты анамның көзі ғой деп сақтап, осында қойдым.
Көрген жанды елітіп әкететін бұйымдардың дені 50-70-ші жылдарға тиесілі. Кейбір жәдігерлердің жүз жылдан астам тарихы бар. Көршісі тапсырған диірмен де 2 ғасырдың куәсі. Музейге, малдың сүйегінен жасалған көне ұршық та қойылған. Төл теңгенің алғашқы нұсқаларын да тамашалауға болады.
Жандос Темірғали, тілші:
- Мұнда шамның алуан түрі бар. Мінекей, мына шам 1956 жылы Ленинград қаласындағы зауыттан шығарылған. Ерекше бұйымның бірі - 1970 жылғы күйсандық. 50 жыл өтсе де әлі жұмыс істеп тұр.
Еркеназ Қалижан, тұрғын:
- Ескі кинолардан, суреттерден ғана көретін көне жәдігерлерді бүгін қолымызбен ұстап, көзімізбен көріп, ерекше бір әсер алдым.
Қорда, телевизор мен радиоқабылдағыштың, сағат пен музыкалық аспаптың бірнеше түрі бар. Ескі фотоаппараттарды да кездестіруге болады. Бәрі түп нұсқа қалпында сақталған. Коллекционер ерекше ісін тәрбиемен ұштастырады.
Ғалымжан Мұқашев, коллекционер:
- Ұрпақ бар, немерелерім бар. Соларға бір мұра болып қалсын деген ниетте.
Ауыл коллекционерінің ендігі арманы - музейін кеңейтіп, жәдігерлер санын көбейту. Әрі көзінің қарашығындай сақтаған шедеврлерін, халыққа кеңінен таныстыруды мақсат етіп отыр.
Жандос Темірғали