Ведомствоаралық комиссия карантинді жеңілдетудің екінші кезеңін мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ведомствоаралық комиссия карантинді жеңілдетудің екінші кезеңін мақұлдады

26.08.2020

31 тамыздан бастап бірнеше нысан қалыпты жұмысына қайта кіріседі. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссия отырысында карантинді жеңілдетудің екінші кезеңі мақұлданды.

Келер аптадан бастап діни нысандар, бассейндер, жаттығу залдары, спорт кешендері, мəдени нысандар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, қорықтар, резерваттар жұмысқа кіріседі. Қала маңындағы жолаушылар пойызы, электр пойыздары, қалааралық жəне шағын автобустардың қозғалысына да рұқсат беріледі. Бұлардың əрқайсысына қойылатын арнайы талап бар.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің мəліметінше, COVID-19 жұқтыру 10 есеге, жедел жəрдем шақыру 4,2 есеге, ауруханада жатқандар 80%-ға төмендеген. Ал мобильді бригадалар саны 7,6 есе артқан. Оң нəтижелерді ескере отырып, карантин талаптары жеңілдетілді. Барлық нысандар тиісті дайындық актілерін алған соң жұмысқа кірісуіне рұқсат. Əкімдіктер, Денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет. «Бұл істен қоғам белсенділері де шет қалмайды», - деді Ералы Тоғжанов.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу