Елде құрылыс саласындағылардың еңбегі қымбаттап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде құрылыс саласындағылардың еңбегі қымбаттап кетті

25.08.2020

Елде құрылыс саласындағылардың еңбегі қымбаттап кетті. Мамандар шетелдік жұмысшыларға бөлінетін квота саны азайғандықтан, нарықта бəсеке жоғалтқанын айтады.

Ал Еңбек министрлігіндегілер «алдымен жұмыс таппай жүрген өз азаматтарымызды жарылқап алуымыз керек» дейді. 

Нұржан Нəпиев елорданың «Үркер» шағын ауданында тұрады. Үйін екі жыл бұрын шетел азаматтарын жалдап салған. Ал биыл сыртын əрлеу үшін жұмысшы табу қиынға соғыпты. Құрылысшылардың еңбегі қымбаттап кеткенге ұқсайды.

Нұржан Нəпиев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Былтырғыдай Өзбекстаннан келетін жұмысшылар жоқ. Өз азаматтарымыз бəрін қымбататты. Сондықтан мен бір ғана кісіні жалдап отырмын, өзіміз де көмектесеміз.

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы жұмысшы тапшылығы шетелдіктерге берілетін квота 40 пайызға азайтылғандықтан, туындап отырғанын айтады. Салдарынан кейбір жекеменшік құрылыс нысандары мен коммерциялық жобалар тұралап қалған. «Бұл, айналып келгенде, жалпы экономикалық ахуалға кесірін тигізбей қоймайды», - дейді Талғат Ерғалиев.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

- Жұмыскерлердің саны аз болғаннан кейін, олардың бағасы да өсіп жатыр. Шетелден біз қазіргі уақытта экономиканы дамыту үшін əлемдік тəжірибе бойынша біз шетелден жұмысшыларды қабылдау керекпіз.

Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігіндегілер квота ішкі нарықтағы кадрларды қорғау үшін қажет екенін алға тартады. Маманның айтуынша, елде онсыз да «екі қолға бір күрек» таппай жүргендер көбейіп кеткен.

Берік Есқараев, ҚР ЕХƏҚМ Еңбек көші-қонын мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы:

- Білікті жұмысшылар өзіміздің ішкі нарықта да көп.

Министрліктің мəліметінше, осы жарты жылда 9 мыңнан астам шетелдік жұмысшыны тартуға рұқсат беріліпті. Былтыр бұдан 5 мыңға көп рұқсат таратылған. Демек биыл сонша бос жұмыс орны өз азаматтарымызға бұйырып отыр.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу