Əлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 809 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Əлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 809 мыңнан асты

24.08.2020

Əлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 809 мыңнан асты. Қауіпті көшті əдеттегідей АҚШ, Бразилия, Үндістан бастап тұр. Эпидахуал Еуропа елдерінде де өршіп тұр. Жаңа оқу жылының басталуымен, мектептер коронавирустың таралу ошағына айналды. 

Германияда екі апта бұрын ашылған мектептердің 41-інде коронавирус жұқтыру оқиғалары тіркелді. Қауіпті кеселге жоғары сыныптағылармен қатар, бастауыштағы бүлдіршіндер де шалдыққан. 100 шақты оқушы мен ұстаз карантинге жіберілді.

Мектептерді ашуға Ұлыбритания да дайын. Елдегі білім ордалары қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдай бастайды.

Крис Уитти, Ұлыбритания бас дəрігері:

Мектепке бармау – балалар үшін коронавирус жұқтырудан да қауіпті. Келешекте олардың психикасына, денсаулығына зиян келуі мүмкін.

Ал Францияда өткен тəулікте 4800-ден астам адам COVID-19-ға шалдықты. Мамандардың хабарлауынша, жағдайдың ушығуына жазғы демалыс кезеңі себеп.

Туристердің көптігінен Италия да зардап шегіп отыр. Бір тəулікте 1200-дей адамнан инфекция анықталды. Дендеген дертпен күресу үшін елде вакцина сынағының үшінші кезеңі басталды.

Франческо Вайа, Инфекциялық аурулар институтының бас дəрігері: 

- Бүгін алғашқы еріктіге коронавирусқа қарсы екпе жасалды. Ол12 апта бойы дəрігерлердің қарауында болады. Қорытынды нəтижелер жыл соңына қарай шығуы тиіс.

Ал Оңтүстік Корея астанасында маска тағу режимі күшейтілді. Енді Сеул тұрғындары ғимарат ішінде де, далада да бетпердемен жүруге міндетті. Эпидахуалдың күрт ушығуы елдің 17 аймағында байқалып отыр.

Жұқпалы дерт Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконы да айналып өтпеді. Дəрігерлер 59 жастағы саясаткердің жағдайын ауыр деп отыр. Жалпы елдегі науқастар саны 109 мыңнан асты.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу