Еуропада күніне 26 мың науқас тіркеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада күніне 26 мың науқас тіркеледі

21.08.2020

Жазғы демалыс кезінде қауіпті кесел жұқтыру деректері күрт көбейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, Еуропада күніне 26 мың науқас тіркеледіӘсіресе, Франция, Испания, Италияда індет өршіп тұр. Ал Перуде балалардың коронавирус жұқтыруы жиіледі.

Перуде ковидке шалдыққандар саны 560 мыңға жуықтады. Әсіресе балалар арасында қатерлі ауруға шалдығу деректері күрт көбейіп барады. Эпидемия басталғалы 23 мыңдай жеткіншек инфекция жұқтырса, 108-і одан көз жұмған. 

Перу Президенті Мартин Вискарра:

- Соңғы апталарда балалар мен жасөсіпірмдердің инфекция жұқтыруы 75 пайызға артқан. Бұл – бізді алаңдатып отыр. Сондықтан балалардың далада жүру уақытын жарты сағатқа дейін шектейміз.

Украинада да науқастар саны күрт көбейіп кетті. Бір тәулікте 2134 адамнан коронавирус анықталды. Осылайша, елде қауіпті дертке шалдыққандардың жалпы саны 98 мыңнан асып отыр.

Ал Оңтүстік Корея билігі карантин талаптарын сақтамағандарды бұдан былай сот жүзінде қатаң жазаға тартпақ. Елде жұқпалы дерт неше күннен бері дес бермей тұр. Эпидемиологиялық ахуалды шерулер мен халықтың шіркеулерге көп баруы ушықтырып жіберді.

Оңтүстік Корея Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ким Канг-Лип:

-Соңғы тәулікте 315 науқас тіркелді. Наурыздан бері алғаш рет коронавирус жұқтырғандар саны 300-ден асып отыр. Бұл – аса қауіпті жағдай.

Ал Қытай астанасы Бейжіңде тұрғындарға көшеде маска тақпауға рұқсат берді. Шаһарда 13 күн қатарынан бірде-бір науқас тіркелмеген. 

Қытай Халық Республикасының тұрғыны:

- Маска тағу-тақпау әркімнің өз таңдауы. Бірақ әлі де 1-2 ай бетпердені шешпеген жөн деп ойлаймын. Бұл – алдымен, өз қауіпсіздігіміз бен басқалар алдындағы жауапкершілік.

Үндістанда халықтың ¼ ауруға шалдыққан. «Reuters» агенттігі арнайы зерттеуден соң, осындай болжам жасап отыр. 600 қалада жүргізілген сынақ барысында тұрғындардың 26 пайызында коронавирусқа қарсы антидене бары анықталған.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу