Отандық вакцинаны салған ғалым денсаулығы туралы айтып берді

07.08.2020

Отандық вакцинаны алғашқы болып өзіне салған адамның жағдайы қалай? Ғылыми тәжірибеге қатысқан ғалым арнамызға эксклюзивті сұхбат берді.

Айта кетейік, әзірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында кандидат ретінде тіркелген екі отандық вакцина бар. Тағы үш жаңа вакцина тіркеуден өтуге кезек күтіп тұр.

Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы елімізде жасалған вакцинаны ерікті түрде салғалы міне 10 күннен асты.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жеті ғалымы өздері жасаған вакцинаны тәуекелге барып, салып көрді. Олардың қатарында Лесбек Құтұмбетов бар. Қазір ғалымдардың денсаулығы жақсы. Аса қауіпті вирустармен күнделікті жұмыс істегенімен ауру жұқтырмапты.

Бекболат Құтұмбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті зертхана меңгерушісі, профессор:

Ешқандай қауіптілігін көрмедік. Енді екінші мәселе оның иммуногендігі. Ауруға қарсы иммуноген түзету қабілеті. Вакцина жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.

Ғалымдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген қос вакцинаның инактивті түрін екен. Бұл вирустың белсенділігін жойып барып жасалатын екпе. Екінші екпе ауру қоздырушының ақуызынан жасалған. Төл вакциналар небары 1 айдың айналасында дайын болды. Алайда жеделдік сапаға еш әсер етпейді дейді.

Бекболат Құтұмбетов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті зертхана меңгерушісі, профессор:

Барлық жерде оның технологиясы бір-біріне өте ұқсас. Айырмашылығы болмайды десек те болады. Вирус біреу. Сапасы бірдей болып шығады.

Институт мамандары коронавирусқа қарсы бас аяғы бес вакцина жасаған. Оның алғашқы екеуін ДДСҰ тіркеп, клиникаға дейінгі сынақ жүргізуге рұқсат берсе, енді біреуі жыл соңына дейін тіркелуі тиіс дейді ғалым. Тағы екеуі келер жылдың басында рұқсат алады деген жоспар бар. Рұқсат алған алғашқы қос вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтары тамыздың жиырмасында тәмамдалып, еріктілерге қыркүйектен бастап салына бастайды. Әр еріктіге тәуекелі үшін 250 мың теңге көлемінде сыйақы төленбек.


Азамат Алдоңғаров

Хабарламаларға жазылу