Сапасыз құрылыс елді сусыз қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сапасыз құрылыс елді сусыз қалдырды

05.08.2020

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жергілікті биліктің немқұрайлы әрекетінен қазынаның 59 миллион теңгесі желге ұшты. Осыншама қаржыға «Бірлік» ауылына ауыз су жүйесі тартылғанымен жұрттың әлі күнге кенезі кеуіп отыр. Өйткені ұңғымадан шыққан су кермек. Тұздылығы санитарлық нормадан бірнеше есеге жоғары.

59 миллион теңге жұмсап, жер астынан тартылған судың сиқы осы. Шелек толғанша біраз күту қажет.Көше көшеге жетпейтін болған соң құбырды басынан ажыратып тастаған.

Мырзан Мырзабаева, ауыл тұрғыны

«Ботана, түс кезінде бетін жауып қалады әппақ лай болып. Кесеге қақ тұрады. Кәдімгі қап-қара жылтыр жылтыр боп қақ тұрып қалады. Ішкен сайын жуып отырмаса болмайды»

500-дей тұрғыны бар «Бірліктің» ересегінен баласына дейін күн ұзақ су тасумен әуре. Астында көлігі бар жұрт ауылдан ұзай қалса сақырлатып бос ыдысын ала шығады.

Сайлаубек Байтасов, ауыл тұрғыны

«Шаянға барғанымыз көлікпен тасып ішеміз. Ал көлігі жоқ адамдар арықтан ішеді. Ол арыққа не түспей жатыр. Бәрі түсіп жатыр. Амал жоқ ішуге тура келеді»

Тұрғындардың айтуынша мердігер компания нысан құрылысын аяқтағанда қулыққа барған. Зертханаға ішуге жарамды өзге суды апарып, құзырлы орындардың рұқсатын алған. Кейіннен олардың бұл тірлігі әшкере болды. Судың кермектігі де, ондағы құрғақ қалдықтар да нормадан асып кетті.

Тілепбай Кәленов, ауыл тұрғыны

«Тексергенімізде секундына 0,8 литр су шығады. Қабылдау актісінде көрсетілгеннен 5 есеге төмен шықты. Алғашында көптеу еді. Қазір күннен күнге азайып бара жатыр. Су кермек. Ішуге жарамсыз»

Мердігердің шалағай тірлігі мұнымен бітпейді. Шығынды көбейтпеу үшін жобада көрсетілген екі су мұнарасы мен ұңғыманың орнына бір-біреуден ғана орнатып, қазып кеткен. Ал жергілікті билік болса осы әрекеті үшін құрылыс компаниясын қудалаудың орнына бюджеттен қайта қаржы бөліп, енді су тазартатын қондырғы қоймақ ниетте.

 Руслан Нұрманбет, Бәйдібек ауданы әкімдігі жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

«Судың кермектігі жоғары болғандықтан тазарту қондырғысын орнату үшін аудандық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлінеді. Шілде айында орнату жоспарлануда»

Ауыл тұрғындары биіліктің бұл әрекетіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Өйткені мемлекет қаржысы тағы да желге ұшқалы тұр. Кермектігін жұмсартқанымен жер асты суының қоры тұтас ауылға жетпейді дейді жұрт. Ауылдағы ағайын, онан гөрі 20 шақырым жерден шығып жатқан бұлақ суын тартып әкеп берсе деп талап қойып отыр. Бірақ билік онысын құлаққа ілетін емес.


Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу