Президент Ливандағы отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ливандағы отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

05.08.2020

Ливандағы Қазақстан азаматтарының қауіпсізігін жедел қамтамасыз ету керек. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Ресми мәліметтерге сай, қазіргі уақытта осы елде 233 қазақстандық бар екен.

Ливан астанасы алапат жарылыстың жойқындығы сонша – 4 жарым балдық жер сілкінісіне пара-пар. Екпіні 250 шақырым қашыққа жеткен. Сөйтіп бір мезетте Бейруттың берекеті кетті. Оқыс хабарды естісімен әр ел азаматтарын түгендеді. Біздің дипмиссия өкілдері дін аман. Олар жұмыс уақыты аяқталып тарап кеткен. Тек қызмет орнында сәл кідіріп қалған консул жеңіл жараланған. Мына видеоны да өзі түсіріп жолдады:

«Жергілікті сағат 18:00-де Бейрутта портта жарылыс болды. Біздің дип миссияның кеңсесін түгелдей қиратып жіберді. Жарылыс кезінде мен осы жерде болғам. Мына жерге тығылып қалдым»

Қираған қонсулдық шығыны шаш етектен. Алайда елшілік шығынды емес, отандастарымызды түгендеп жатыр. Ендігі мақсат – жарылыс салдарынан сақтану.

Шоқан Уәлиев, «Триполи» университетінің «араб тілі» мамандығы бойынша 3 курс студенті

«Жалпы қазір Бейрут халқы басқа қалаларға қоныс аударып жатқаны туралы білдік. Өйткені кеше түнде Денсаулық сақтау министрлігі жарылыс уақытында қандай да бір химиялық заттардың 3 күндей ауаға ұшып қалқып жүретіні туралы хабарлама берді. Сол себепті қазір Бейрут халқына жан-жақтан көмектер кетіп жатыр»

Қазір Ливанда консулдық есепте еліміздің 113 азаматы бар. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың қаупісіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы Істер министрі

«Барлығымен байланыс орнатылған. Дипмиссияның қызметкерлері мен отбасы мүшелері аман есен»

Бітімгерлік міндетпен кеткен 120 әскериіміз де сонда. Олар қатерден аман.

Әсет Аққозынов, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі

«Біздің әскери қызметшілерде бәрі жақсы. Және бөлімшенің оқиға салдарын жоюға қатысу жоспарланбаған. Жеке құрам штаттық режимде жүктелген міндеттерін орындауда»

Ел сарапшылары Бейрут оқиғасы мұнымен аяқталмауы мүмкін деген болжам айтты. Сондықтан ол жақтағы отандастарымыз барынша сақ жүргендері дұрыс,-деп отыр.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу