Қызылордаға Чехиядан  300-ге жуық  ангус сиыр әкелінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордаға Чехиядан  300-ге жуық  ангус сиыр әкелінді

01.04.2019

Қызылордаға Чехиядан  300-ге жуық  ангус сиыр әкелінді. Еті мәрмәр түлік қазір көбейтіліп жатыр. Ұрғашысы 500 келі ет берсе, бұқадан 600 келіге дейін ет алуға болады. Буферлік аймақтан шыққан Сыр өңірі үшін ет өндірісін арттыру маңызды.

Өнімділікті арттыру үшін шаруалар жергілікті климатқа тез бейімделетін малдың түрін көбейтуде. Абердун ангус терісі қалың болғандықтан, күй талғамайды, ыстық-суыққа қарамайды, тез өсіп-жетіледі. Кез-келген шөппен қоректенеді. Сондықтан, тез  салмақ қосады.

Талайлы Бөріқұлақов, шаруашылық директорының орынбасары:   

Бұл әкелінген мал қашар, ұрғашы. Негізінен оны қолдан ұрықтандырып, сол ұрғашысын әрмен қарай өсіруге, бұқасын ет бағытында бордақылауға пайдаланамыз.

Асыл тұқымды малға қазір түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцина салынып жатыр. Одан кейін жайылымға жіберіледі. Алты айлық бұзаудың   салмағы  200-300 келі болады, ал, оны әрі қарай бордақыласа 1 тоннаға жетеді.  Абердун ангустың «Мәрмәр» еті премиум класқа жатады. 

Сахил  Ысқақов, бас зоотехник:

Басқа малдар 52-59 пайызға дейін, бұлар 65-75 пайыз өнімділік береді.  Ең жоғары сұрыпты мәрмәр еті.

Шаруашылық жем-шөпті өзі дайындайды. Сүрлем, жүгері, жоңышқа жеткілікті. Мал бордақылау алаңы алғашқыда 500 түлікке ғана арналды. Бірақ, етке сұраныс артқан сайын қазір мұнда 3 мың малды бағып, союға мүмкіндік бар.  Былтыр Қазалыдан Өзбекстан мен Иранға 150 тонна  ет экспортталса,  биыл ол екі есе көбейеді. Сондай-ақ, қой өсіріп, оның да етін саудалау жоспарда бар.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу