Индустрияландыру бағдарламасының нәтижесі. Президент жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индустрияландыру бағдарламасының нәтижесі. Президент жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді

29.03.2019

Алдымен экономика, содан кейін ғана саясат. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан осы қағиданы басты ұстаным етіп келеді. Шет мемлекеттермен алыс-беріс жүйеленбей, әл-ауқат жақсармайды. Қазіргі таңда еліміз индустрияландырудың екінші бес жылдығын тәмамдап қалды. Осының арқасында бұрын-соңды өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Келер жылы бұл ауқымды жобаның үшінші бес жылдығы басталады. Құжатты дайындау барысында қазірден жан-жақты талдау жүргізіп, өңірлердің пікірлерін ескеру қажет. Сәрсенбінің сәтінде Ақордада өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауаптыларға осындай тапсырма жүктеді.

2003 жылы елімізде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Бұл елдегі экономикалық өзгерістердің жаңа баспалдағына айналды десе болады. Ал, 2011 жылы қайта өңдеу және дайын өнім шығаруға басымдық берген алғашқы бес жылдық бастау алды. Бұл бағдарлама басталмай тұрып экспорттағы дайын өнімдердің үлесі 10 пайыздың айналасында болатын. Ал, қазіргі таңда ол барлық тауардың төрттен бірін құрап отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан шет елдерге 45-50 млрд АҚШ долларының тауарын сатып жатыр. Келешекте сыртқа саудаланатын дайын өнімдердің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Үшінші бес жылдықта көзделген басты меженің бірі - осындай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша бізге бірқатар ұзақ мерзімді және орта мерзімді жобалық құжатты дайындау қажет. Бұл - 2030 жылға дейінгі мемлекеттің аумақтық-кеңістік тұрғысындағы дамудың болжамды сызбасы.

Индустрияландыру жылдары елімізде 1250 жаңа өндіріс ошағы іске қосылды. Нәтижесінде 300 мың жұмыс орны ашылды. Бұрын-соңды елімізде өндірілмеген 500-дей тауар түрі шығарыла бастады.

Бұл - Қазақстанның шикізаттық тәуелділіктен арылудың жоспарлы, жүйелі бағыты. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы жұмыс қарқынын күшейтіп, орталық пен аймақтар арасындағы байланысты күшейту қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Әкімдер бұл құжаттардың дайындалуына белсенді түрде араласуы қажет. Онда өңірлердің мәселелері жүйелі түрде өз шешімін табуы тиіс. Өз кезегінде Үкімет жан-жақты талқылауға жағдай жасап, әкімдіктердің ұсыныстарын ескеруі керек.

Үшінші бес жылдық кезінде кәсіпкерлерге мемлекеттік көмек жайдан-жай берілмейді. Экспорттың өсімі, техникалық жаңғырту сынды міндеттер қойылады. Биылғы жоспар да ауқымды.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жоспар бойынша 2020-2025 жылдарға арналған үшінші бес жылдықтың нәтижесінде өндіріс орындарының саны 2,3 есе артып, еңбек өнімділігі де 200 пайызға өсуі тиіс.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу