Елорда тұрғындары ПТР тест тапсыру үшін сағаттап кезекке тұруға мәжбүр

17.06.2020

Елордада ПТР тест тапсыру қазір қиын болып тұр. Қай жерге барсаңыз да, сағаттап кезек күткен халық. Мобильді орталық күніне санаулы адамға қызмет көрсетеді. Жеке клиникалар тек алдын ала жазылу арқылы қабылдайды.

Жеке зертханаларда да птр тест тапсыруға болады. Ол үшін клиниканың ресми сайтына кіріп, сауалнама толтыру қажет. Егер сіз қауіпті топ деп танылсаңыз, сізге сынама алынатын күнді белгілеп, келер уақытыңызды нақтылап, өздері хабарласады.

Әлеуметтік желіде де бұл тақырып қызу талқылануда. «Дерт дендеп тұрған сәтте вирусты анықтау тесті неге тегін болмайды» деп сауал жолдаушылар көп. Ал мамандар, жергілікті емханаларда ақысыз сынама тапсыруға болатынын айтады. Бірақ тек белгілі бір санаттағы адамдарға басымдық берілген.

Қазір қалада күніне 5 мың тест өткізетін 8 зертхана жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 170 мың сынама алынған.

Вирус ошағында күндіз-түні жұмыс істеп жатқан 20-дан астам зертхана қызметкері індет жұқтырған. Сондықтан нәтижелерді жедел өңдеу де қиын болып жатыр. Ал жетіспеушілікті болдырмау үшін денсаулық сақтау басқармасы қосымша тағы сынамалар сатып алмақшы.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу