Токио Олимпиадасы тағы да кейінге шегерілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токио Олимпиадасы тағы да кейінге шегерілуі мүмкін

16.06.2020
Токио Олимпиадасы тағы да кейінге шегерілуі мүмкін

Бұл туралы Жапония астанасында өтетін Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің директоры Харуюки Такахаси мәлімдеді. Токио – 2020 Олимпиадасы биыл жаз айларында өтуі тиіс болған еді. Алайда коронавирус пандемиясының кең етек жаюына байланысты 2021 жылдың шілде-тамыз айларына шегерілді.

Такахасидің мәлімдемесіне сүйенсек, жазғы Олимпиада және паралимпиада ойындарын тағы да кейінге шегеру қаупі бар.

«Біз ең алдымен Олимпиада ойындарын 2021 жылдың жаз айларында өткізуді жоспарлауымыз керек. Бірақ келесі жылдың наурыз айына дейін әлемдегі пандемия жағдайы тұрақталмаса, Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесе отырып шешім қабылдаймыз», - дейді Харуюки Такахаси.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар Олимпиада ойындарынан бас тарту мәселесі мүлдем қарастырылмайтынын жеткізді. Себебі мұндай шешім Жапония мен әлем экономикасына ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

RSport


Хабарламаларға жазылу