20 маусымнан бастап еліміздің халықаралық әуе рейстері қайта жанданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 маусымнан бастап еліміздің халықаралық әуе рейстері қайта жанданады

15.06.2020

Маусымның 20-нан бастап еліміздің халықаралық әуе рейстері қайта жанданады. Осы ретте, шетелден келетіндерге шектеу шаралары өзгерді. Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысына сәйкес, Қазақстанға шет елден тұрақты емес әуе рейстермен келгендер COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке стационарға жатады. Егер дерттің симптомдары бар болса, провизорлық стационарға емдеуге жатқызылады. Ал, қолында қаупіті кеселді жұқтырмағаны туралы анықтамасы бар жолаушылар оқшауланбайды. Сондай-ақ, үкіметтік делегация, дипломатиялық өкілдік, консулдық мекеме және халықаралық ұйым өкілдерінің қызметкерлері бұл талаптан босатылған.

Әуе қатынастарынан бөлек, көліктерге де шекара ашылмақ. Қазақстан Қытай мен Қырғызстан бекеттерінен кіріп-шығуға жартылай рұқсат берді. Бұл туралы Үкіметтің Қаулысында айтылады. Бірақ, бәрі емес. Құжатқа сәйкес, эпидахуал түзелгенше, Көлжат, Бақты және Майқапшағай бекеттері арқылы тек, инвестициялық келісімшарттар бойынша тасымалданатын тауарлар, дәрі-дәрмектер, тамақ өнімдері, гуманитарлық көмек, мемлекеттік тапсырыстар, сондай-ақ, бос жүк көліктері өтпек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу