Арыстағы жарылысқа қатысты сот басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылысқа қатысты сот басталды

12.06.2020

Шымкент гарнизонының әскери соты Арыстағы жарылыстарға қатысты қылмыстық істерді қарауға кірісті.

Қылмыстық іс бойынша 16 адам жауапқа тартылып жатыр. Оның ішінде 44/859- әскери бөлімінің командирі мен оның орынбасары бар. Артиллериялық қару қоймасының басшыларына бірнеше бап бойынша айып тағылған. Атап айтсақ, «Жарылатын заттарды қолданудың тәртібін бұзу» және «Соңы ауыр жағдайға соқтырған салғырттық». Жарылысқа қатысты барлық қылмыстық іс – біріктіріліп, 400 томға жетті. Сот отырысы Шымкенттегі әскери гарнизонның акт залында өтті. 400 адам сиятын жерге карантиндік шектеуге байланысты 204 адам кірді. Оның 165-і зардап шеккен тұрғындар. Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, тұтас қала қирап қалған еді. Ең өкініштісі, 3 адам қайтыс болып, 200- дей тұрғын жарақат алған. 50 мыңнан астам тұрғыны бар қала толық эвакуацияланып, 8 мыңдай үйді қайта қалпына келтіруге тура келді.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу