Әлеуметтік қатер туындаған кезде берілетін жәрдемақының орташа мөлшері 69%-ға дейін өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қатер туындаған кезде берілетін жәрдемақының орташа мөлшері 69%-ға дейін өсті

12.06.2020
Әлеуметтік қатер туындаған кезде берілетін жәрдемақының орташа мөлшері 69%-ға дейін өсті

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау кезінде жаңа параметрлердің қолданылуына байланысты олардың орташа мөлшері ағымдағы жылғы 5 айдың қортындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69%-ға өсті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа параметрлер 2020 жылдың басынан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау кезінде қолданылады.

2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 14 855 теңгеден 24 828 теңгеге дейін немесе 67%-ға, асыраушысынан айырылған жағдайда 17 564 теңгеден 24 880 теңгеге дейін немесе 42%-ға, жұмысынан айырылған жағдайда 23 310 теңгеден 39 366 теңгеге дейін немесе 69%-ға өсті.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заң күшіне енді. Құжат еңбек өтілі мен МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейтуді, сондай-ақ оларды тағайындау кезінде параметрлерді қайта қарау есебінен әлеуметтік төлемнің орташа мөлшерінің өсуін қамтамасыз етті.

Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде нақты белгіленген жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне (30%-дан 100%-ға дейін) байланысты айқындалады.

Бұрын орташа коэффициенттер қолданылған. Сонымен, егер бұрын еңбек ету қабілетінен 95% айырылу дәрежесі кезінде 0,7 коэффициенті қолданылған болса, жаңа әдіспен - 0,95 коэффициенті қолданылады.

Асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында сондай-ақ асырауындағы адамдар санының коэффициенттері ұлғайтылды:

- асырауында бір адам болған жағдайда 0,4-тен 0,5-ке дейін;

- екі – 0,5-тен 0,65-ке дейін;

- үш – 0,6-дан 0,8-ге дейін;

- асырауында төрт және одан көп адам болған кезде 0,8-ден 1-ге дейін.

Бұдан басқа, жұмысынан айырылған адамдардың әлеуметтік қорғалуы арттырылды. Жұмысынан айрылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер жұмысынан айрылған және тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады.

Егер бұрын жұмысынан айырылған кезде табысты алмастыру деңгейі соңғы 2 жылдағы орташа табыстың 30%-ын құраса, енді аталған көрсеткіш 40%-ға дейін ұлғайды.

Бұл ретте, егер бұрын көрсетілген төлем 1 айдан 4 айға дейін тағайындалған болса, 2020 жылдан бастап 1 айдан 6 айға дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады.


Хабарламаларға жазылу