Ішкі істер саласындағы жемқорлық фактісі 34 пайызға азайған

11.06.2020

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігіндегі барлық жұмыс автоматтандырылып жатыр. Соның арқасында саладағы жемқорлық фактісі де 34 пайызға кеміпті. Бұл туралы министрі Ерлан Тұрғымбаев айтқан еді.

Полиция қызметін реформалауды Президент өткен жылы тапсырған. Басты мәселе — саладағы жемқорлықты жою. Сол бойынша қазір бірнеше шаралар қолға алынған. Мәселен, өткен жылы қалаларға кіріп шығатын тұстағы бақылау бекеттері алына бастады. Қазір елдегі осындай 36 бекеттің 30-ы жабылған. Тек шекарадағы 6 бекет қана жұмыс істеп тұр.

Полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталған. Бұл тек жүргізуішердің емес олардың да қызметін қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни, полиция қызметкерінің әрекеті де бақылауда.

Жемқорлықты жою мақсатында ішкі істер органдарының әлеуметтік жағдайын көтеруде қолға алынған. Шет елден келетін туристердің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы туристік полиция құрылған еді. Яғни полиция қызметін жетілдіру жан-жақты жүзеге асырылуда.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу