Бүгін отандық БАҚ басшылары онлайн-жиын барасында журналистердің бейбіт жиналыстарда қызмет ету қағидаларын талқылады. Онлайн-кездесуге қатысушылар митингке қатысатын журналистердің құқығын қорғап, жұмысын жүргізуге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды .
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің бейбіт жиналыста қызмет ету қағидаларын жауапты меморгандарға түсіндіру үшін арнайы семинарлар ұйымдастырылатынын мәлім етті.
«Бүгін шынымен де ашық әңгіме болды. Бұл - талқылаудың басы ғана. Себебі қағидалар әлі бекітілген жоқ. Ең бастысы – сіздердің талқылаудан кейін ұсыныстарыңызды ескере отырып, жобаны тағы да бір қараймыз. Содан кейін нормативті-құқықтық актілердің ашық порталына ресми түрде орналастырамыз. Өз ұсыныстарыңызды енгізуге болады», - деді министр.
Министр журналистерге арналған қағидаларды жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарына түсіндіру жұмыстары мен арнайы семинарлар жүргізілетінін мәлім етті.
«Егер бір тараптан түсініспеушілік болған жағдайда біз айтып отырған қағидаттардың бәрі де жүзеге асырылмай қалады-ау деген қауіп бар. Біз өте жақсы ережелерді жасағанымызбен ол сапалы түрде іске асып жатпаса, әлбетте, бұл қағидаттардың бәрі де қағаз жүзінде ғана қалады», - деді ол.