Эйфель мұнарасы 25 маусымнан бастап қайта ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эйфель мұнарасы 25 маусымнан бастап қайта ашылады

11.06.2020
Эйфель мұнарасы 25 маусымнан бастап қайта ашылады

Әлемдегі ең танымал көрікті орындардың бірі - Эйфель мұнарасы 25 маусымда келушілерге есігін айқара ашады. 

Мұнара Францияда корнавирустың таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген карантинге байланысты үш айдан астам мерзімге жабылған болатын. 

Мұнара операторларының айтуынша, коронавирус жұқтырмас үшін және келушілер арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін мұнарадағы лифтілерді әзірге пайдалануға тыйым салынған. Қонақтар шығыс бағанадан көтеріліп, батыс бағанасынан түсіріледі. 

Жоғарғы бөлігі әзірге жабық. Өйткені келушілерді екінші қабаттан жоғарғы қабатқа көтеретін лифтілер өте аз. Әкімшілік келушілерге билеттерді онлайн кассадан сатып алуға кеңес береді. 

Мәлімдемеде айтылғандай, адамдар белгіленген қашықтықта тұруы үшін еденге белгі салынады. Қонақтар маска киіп келуі керек. Күн сайын нысанда тазалау және дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. 

COVID-19 инфекциясы таралмас үшін енгізілген карантиннен әлемдегі туристер көп баратын елдердің бірі Францияның туризм индустриясы қатты зардап шекті. Елде қонақ үйлер, мейрамханалар, мұражайлар мен театрлар жұмысын тоқтатқан болатын. 

Сонымен қатар, Франция астанасындағы Лувр мұражайы мен Версаль сарайы сияқты көрнекті орындар уақытша жабылған-ды.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу