COVID-19: симптомсыз науқастарды жылдам табудың жаңа тәсілі ұсынылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19: симптомсыз науқастарды жылдам табудың жаңа тәсілі ұсынылып жатыр

09.06.2020
COVID-19: симптомсыз науқастарды жылдам табудың жаңа тәсілі ұсынылып жатыр

Джон Хопкинс университетінің деректеріне сәйкес, дүйсенбі күні әлем бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 7 миллионнан асып, оның 400 мыңнан астамы қайтыс болды. ДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейсус айтуынша, ең қауіпті жағдай Латын Америкасы мен Оңтүстік Азия мемлекеттерінде болып отыр.

«Әлемде коронавирус пандемиясына қатысты жағдай күннен күнге ушығып бара жатыр. Еуропа мемлекеттерінде жағдайды қалыпқа келтіре алғанымызбен, басқа құрлықтардағы жағдай ауыр. Ең алдымен Латын Америкасы мен Оңтүстік Азия елдері пандемияның шарықтау шегіне келіп жатыр. Қауіпті жағдай Африка мемлекеттері мен Орта Азия елдерінде де тіркелуде»,- дейді ДСҰ басшысы.

Ал франциялық зерттеушілер симптомсыз науқастырды табу үшін полиция иттерін пайдалануды ұсынып отыр. Есірткі немесе жарылғыш заттарды табуға машықтанған жануарларды COVID-19 вирусын жұқтырған адамды да жылдам анықтауға үйретуге болатын көрінеді.

Ғалымдардың айтуынша, иттерді адам денсаулығына қатысты ауруларды анықтауға тарту бұрыннан келе жатқан үрдіс. Мысалы соңғы жылдары арнайы үйретілген иттер дәрігерлерге ішектің қауіпті ісігінің бастапқы кезеңін анықтауға көмектесуде.

Қазіргі таңда зерттеу жұмыстарына 18 ит қатысып жатыр. Олар жергілікті ауруханалардан алынған 200-ден аса науқастың киімдері арқылы кімнің инфекция жұқтырғанын анықтау керек. Себебі вирус жұқтырған адамның терісінен иттер анықтай алатын иіс шығады дейді мамандар.

«Коронавирус иісін» анықтауға қатысып жатқан иттердің нәтижелері жаман емес. Зерттеу жұмыстарының алғашқы қорытындылары бойынша иттердің тең жартысы вирус жұқтырған науқастарды дәл анықтаған.

BBC


Хабарламаларға жазылу