Президент қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

04.06.2020

Бүгін — Мемлекеттік рәміздер күні. Тарихи мерекемен қазақстандықтарды Мемлекет басшысы құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде: «Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын! Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қорғайтын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз», - деп жазды.

Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздері осыдан 28 жыл бұрын 4 маусымда бекіді. Бүгін елдің рухын асқақтататын айрықша мереке. Сол себепті, республиканың түкпір-түкпірінде тәуелсіздігіміздің нышандары барынша ұлықталды. Ал, Елордалық жастар 28 жылдыққа орай 28 көлік пен 28 мотоциклге мініп, 28 шақырым жолды жүріп өтті. Желбіреген көк ту көшелерге сән беріп, көптің рухын көтерді.

Заң бойынша көк туымыз бен елтаңбамыздың белгісін қалай болса солай, кез келген жерге пайдалануға болмайды. Барлық мемекемелер мемлекет бекіткен стандартпен ғана қолдануы тиіс.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу