COVID-19 вирусының екінші толқыны қазан айында болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19 вирусының екінші толқыны қазан айында болуы мүмкін

04.06.2020

Әлемде Covid-19 дертінің екінші толқыны қазан айында болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықаралық сарапшыларға сілтеме жасап осылай пікір білдірді. Оның сөзінше, біздің елімізде коронавирустың алғашқы шарықтау шегі сәуір айының ортасында болған. Одан кейін мамыр айында қайта өрши түсті. Енді маусымдық тұмаумен бірге жер-жиханда қатерлі індет тағы да күшеюі мүмкін. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Twitter парақшасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екінші толқынның қаупі барын растағанын жазған еді. Қазіргі таңда Қазақстан бұл сценарийге барынша дайындық үстінде.

Сондай-ақ министр елімізде коронавирустан қайтыс болған 48 адамнан бөлек тағы 37 марқұмнан Covid-19 дерті анықталғанын айтты. Алайда олар басқа аурулар мен себептерден көз жұмғанына байланысты коронавирус статистикасына енгізілмеген. Сонымен қатар, Біртанов науқастардың 77 пайызы ауруды жеңіл өткізетінін айтты. Ал симптомы байқалмайтындардың 70 проценті өздігінен жазылып шығады. Алайда, олар ауруды таратушы болуы мүмкін. Сол себепті тез анықтап, оқшаулау маңызды екенін айтты министр.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу