«Нұр-капитал» несиесі нәтиже бере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр-капитал» несиесі нәтиже бере бастады

10.12.2018

«Нұр-капитал» немесе кәсіпкерлерге 1 пайыздық несие. Маңғыстау облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарлама жемісін қазір де бере бастады. Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірде атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндап берді.

Әкім айтқан мәліметтерге қарағанда, облыста жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға төмендеп, мұнай саласында бейімделген халықтың біразы бизнеспен айналыса бастаған. Осылайша, кіші кәсіпкерлікпен айналысушылар саны 46 мыңнан 51 мыңға жеткен.  

Бұл - «Нұр-капитал» несиесі арқылы Басқұдық ауылында ашылған амбулаториялық емханалардың бірі.  Кәсіпкер «Бизнесетің жол картасы» бағдарламасымен техника алу үшін несие рәсімдеген. Оның  7,5 пайызын әкімдік төлеп береді.  Кәсіпкерге тек 1 пайыздық төлем ғана қалады.

Ұлжан Сәрсенова, бас дәрігер:

«Нұр-капитал» жобасына, «Даму» қаржылық қорына, еліміздің, Елбасымыздың бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік берген облыс әкіміне алғысымыз зор. Бүгінгі таңда Басқұдық селосының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге  дайынбыз.

Тарихта болмаған төмен пайыздық несиенің беріле бастағанына бір жыл болды. Қазір облыста ортақ құны 3,4 миллиард теңге болатын 200 өтініш қаралуда.

 Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

1 процентпен қандай  кредит деген әңгіме де болды. Біздің мақсатымыз басқа. Біріншіден, ақшаны айналымға жіберу. Екіншіден, жаңа өндіріс орындарын ашу. Үшіншіден, сол өндіріс орындарына жаңа жұмыс орындарын орналастыру. Үш жылдан кейін біздің салған ақшамыз қайтып келеді.

Бұл бағдарлама арқылы өңір басшылығы халықты дәстүрлі мұнай саласынан кәсіпкерлікке ауыстырмақ. Қазірдің өзінде бизнесті қолдау шаралары 4 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 12 мың жұмыс орнын сақтап қалуға сеп болған.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу