Бурабай кентінің бұрынғы әкімі ауыр соққыдан көз жұмды

02.06.2020

Бурабай кентінің бұрынғы әкімі ауыр соққыдан кейін көз жұмды. Зеленный Бор елді мекенінде Шыңғысхан Темірбековты біреулер темірмен аяусыз ұрып кеткен. Күдікті ұсталды. Оған бастапқыда адам денсаулығына қасақана зиян келтірді деген айып тағылды. Алайда, Темірбеков қайтыс болғаннан кейін, қылмыстық іс басқа санатқа ауыстырылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Марқұм Бурабай кентінің әкімі болып 2015-2017 жылдары қызмет атқарған.   

Көкшетаудағы әкімшілік жазасын өтеушілерге арналған мекемеде уланып қалған 6 адамның 3-шісі көз жұмды. Осыдан бес күн бұрын 41 және 32 жастағы азаматтар қайтыс болған еді. Қалғандарының да жағдайлары өте ауыр. Әкімшілік жазасын өтеушілердің неден уланғаны әлі белгісіз. Әзірге 2 болжам бар. Токсинді сусын немесе есірткі қабылдаулары мүмкін. Барлығы бір камерада отырған. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ, Ақмола облысында жол апатында Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімшесінің бастығы мерт болды. Ол өзінің жеке көлігін тізгіндеген. Машина жолдан шығып кетіп, аударылған. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. 2 жолаушы түрлі дене жарақатын алды.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу