Қазақтың құрты Бельгияда көрмеге қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың құрты Бельгияда көрмеге қойылды

29.05.2020

Бельгияда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «ГУЛАГ» деп аталатын көрме ашылды. Сталиннің солақай саясатын жүзеге асыру мақсатында құрылған 53 лагерьдің 20-дан астамын «қызыл империя» қазақ жеріне орналастырды. Талай тарлан жалған жаламен сол түрмелерге тоғытылды. Адам төзгісіз жұмысқа жегілді. Арып-ашыған тұтқындарды қазақтар құртпен құтқарған. Көпке өмір сыйлаған асыл тас Бельгиядағы көрмеге қойылып, көпшілікті тамсантты.

Ресми мәлімет бойынша 1930-53 жылдар аралығында ГУЛАГ-тың тозақ лагерлерінде 22 млн. нан астам адам жазасын өтеген. 100 ұлттың өкілі. Жазықсыз жандардың киген киімдері, тұтынған ыдыстары, қиылған тағдырлары жайлы тың деректер көрмеге қойылған.

Саяси құғын-сүргін құрбандарының құрметіне ашылған көрме 2 ай жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар, бәлкім осы уақыт аралығында еуропалық тарихшылар «тозақ конвейерін» терең зерттеуге қызығушылық білдірер деген үмітте. Себебі, миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке салған тамұқ ошағының әлі ашылмаған сыры, дәйектелмеген дерегі көп.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу