«Болашақ» стипендиясы шетелдік оқу орындарына өз күшімен түскен азаматтарға ғана беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» стипендиясы шетелдік оқу орындарына өз күшімен түскен азаматтарға ғана беріледі

29.05.2020

Бұдан былай «Болашақ» стипендиясы шетелдік оқу орындарына өз күшімен түскен азаматтарға ғана беріледі. Бүгін шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда іріктеу талаптарына қатысты өзгерістер айтылды. Енді жеңілдік тек ауыл азаматтары үшін ғана қалып отыр. Олар бұрынғыша 6 ай тілдік курстан өтеді, бірақ, IELTS-тан 6 балл жинауы тиіс. Ал басқа санаттағы барлық квота алынып тасталды. Яғни, мемлекет есебінен елімізде және шетелде тілдік тағлымдамадан өтпейді. Өз бетінше оқуға түсіп келуі тиіс. Әрі үміткерлердің шет тілін білу деңгейі IELTS-тан 6,5 балдан кем болмауы керек. Бұдан бөлек, конкурстық іріктеу кезеңдері алтыдан үшке яғни, екі есе қысқарды. Сондай-ақ халықаралық бағдарламалар орталығы енді шетелде оқытылатын мамандықтар тізімін еңбек нарығындағы сұранысқа қарай жаңартып тұрады. Стипендия елдегі кәсіпорындар мен ұйымдарына қажет кадрларға ғана берілуі тиіс. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясына да талап қатайтылды. Отырыс қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев стипендианттардың оқу және еңбекпен өтеу процесіне бақылауды күшейтуді тапсырды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу