Ақтөбе әкімі мүгедек арбасына отырып, қаланы аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе әкімі мүгедек арбасына отырып, қаланы аралады

28.05.2020

Ақтөбе қаласының әкімі мүгедек арбасына отырып, қаланы аралады. Өйткені жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттарда қоларбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы ескерілмеген. Тіпті, ол аудандардағы саябақтарда серуендеудің өзі мұңға айналып отыр.

Соңғы кезде арбаға таңылған мүгедек жандардан арыз-шағым көбейген. Олар шаһар көшелерімен еркін жүріп-тұра алмайтынын айтады. Жаяу жүргіншілер жолағымен қозғалуға жиектастар кедергі, ал ғимараттардағы пандустармен көтерілу тіпті мүмкін емес.

Арбадағы әкім талапқа сай келмейтін пандустардың бірімен әрең көтерілді, оның өзінде көмек қажет болды. Сорақысы, шаһардың жаңа аудандарының өзінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы ескерілмеген. Әсіресе, олардың көп баратын спорт кешендерінің кіреберістеріталапқа сай емес. Дүкен, дәріханалардың да жағдайы осындай.

Қазір Ақтөбе қаласында 12 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың қоғамдық көлікпен қатынауы тіпті қиын. Себебі, автобустардың тек он шақтысында арнайы пандус бар. Ал, инватакси жеткіліксіз.

Сараптама нәтижесіқаладағы нысандардың тек он пайызында ғана талапқа сай келетін пандус барын көрсеткен.Талапты орындамағандарға алдымен ескерту беріледі, егер жағдай түзелмесе, айыппұл төлейтін болады.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу