Елорда әкімі карантин талаптарын түсіндірді

26.05.2020

Нұр-Сұлтанда сақтық шараларын күшейтпесе болмайды. Өйткені қалада вирус жұқтыру өсімі төмендемей тұр. Қала әкімі Алтай Көлгінов осылай деп мәлімдеді. Вирус тек егде адамдарға жұғады деген жаңсақ пікірге сенбеуге шақырды. Көп жағдайда 30-40 жас аралығындағы адамдар жиі жұқтырып жатыр. Яғни індет жас талғамайды. Қазір елордада 5 зертхана жұмыс істеп тұр. Онда күн сайын 3 мыңдай адамнан сынама алынуда. Қауіптің беті әлі қайтқан жоқ, сондықтан карантин талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз деді әкім. Мектепке дейінгі мекемелерді ашуға да асығыстық танытпаған жөн. Дегенмен, жұмыс істейтін ата аналардың балалары үшін кезекші топтар ашылған. Оның өзінде 15 баладан артық қабылдауға болмайды. Шахар басшысы тұрғындар мен бизнес иелеріне ескерту жасады. Карантин талаптарына мән бермей көше кезген халықтың қарасы көбейгені қауіпті үрдіс екенін түсіндірді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу