Южный кентіндегі тау кен кәсіпорыны бүгіннен бастап жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Южный кентіндегі тау кен кәсіпорыны бүгіннен бастап жұмысын тоқтатты

15.05.2020

Қарағанды облысының Южный кентіндегі тау кен кәсіпорыны бүгіннен бастап жұмысын тоқтатты. Себебі олардың жалғыз тұтынушысы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы өнімді алудан бас тартқан. Соның салдарынан өндіріс ошағында еңбек ететін 345 адамның жартысына көбі қазір жұмыссыз қалды. Қалғандарын да жақын күндері қысқартпақ. Бірақ жергілікті билік ешкім далада қалмайды, еңбекке тартамыз деп отыр.

Кәсіпорынның жабылуы жұртқа үлкен соққы болды. Ауылда әр отбасынан кемінде 1-2 адам осы тау-кен өндірісінде істейді. Қазіргі қиын-қыстау кезде бұл жағдай тұрғындардың тұрмысын одан сайын тұралататыны сөзсіз.

Жергілікті билік өкілдері тұрғындарды сабырға шақырып, жұмыс тауып береміз деп сендірді.

Қазір жергілікті билік өкілдері, қос тараппен келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер оң шешім қабылданып, өндіріс жанданса, қысқартылған жұмысшылардың барлығы қайтарылмақ. Тұрғындар да содан үмітті.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу