Оңтүстік Кореяда вирус қайта өршіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореяда вирус қайта өршіді

11.05.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 4 миллионнан асты. Карантин режимін жеңілдете бастаған Оңтүстік Корея, Германияда індет қайта өршіді. Салдарынан ұзақ үзілістен кейін ашылған мекемелер қайта жабылып жатыр. Қытайда вирус жұқтырғандар саны артса да, ойын-сауық орындары қызметіне кірісті.

Оңтүстік Кореяда карантиннен кейін ашылған түнгі клубтар қайта жабылды. Оған себеп – коронавирусқа шалдыққан ер адам көңіл көтеру орнына барып, инфекцияны басқаларға жұқтырған. Сеул билігінің хабарлауынша, ғимаратта 2 мыңдай адам болған. Олардың барлығы 14 күнге оқшауланды.

Ресей індетке шалдыққандар саны бойынша әлемде үшінші орынға шықты. Елде бір тәулікте 12 мың науқас тіркелген.

Ал Қытайдың Шанхай қаласында мыңдаған адам «Диснейлендке» барды. Пандемия кесірінен 3 айға жабылған әйгілі саябақ қақпасы бүгін ашылды. Дегенмен, елдің солтүстік-шығысында вирус жұқтырғандар саны өсіп келеді.

Вьетнамда бір ай бойы жұқпалы аурудан қайтыс болғандар тіркелмеді. Сондықтан балабақшалар мен бастауыш мектептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Алайда ғимаратқа кіргенге дейін әр бала медициналық тексеруден өтуі тиіс.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу