Түркияда туризм маусымы мамыр айының соңында басталмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда туризм маусымы мамыр айының соңында басталмақ

11.05.2020

Түркияда бүгіннен бастап короновирусқа қарсы шектеулер жеңілдеді. Елдегі ірі сауда орталықтары, сұлулық салондары мен шаштараздар ашылды. Сондай-ақ туризм маусымының қашан ашылатыны де белгілі болды.

Биылғы туризм маусымы мамыр айының соңында басталмақ. Алдымен ішкі туризм жанданады. 28 мамырдан бастап ішкі рейстер ашылады. Ал шетелдік рейстерге маусымның 12 сінен бастап рұқсат беріледі. Әзірге 19 мемлекеттен тұрақты рейстер ұша бастайды деген ақпарат таратылды. Ол елдердің арасында Қазақстан да бар. Келесі айда алғашқы ұшақтар Алматы қаласынан қатынай бастайды деген жоспар бар. Бұдан бөлек, туристерді короновирустан таза деген арнайы сертификаты бар демалыс орындары ғана қабылдай алады. Және туристердің көпшілігі ұнататын, «all inclusive» яғни «барлығы қосылған» қызмет түрі өзгеріссіз қалатын болды. Ал елдегі коронавирустің таралуы туралы айтар болсам, мамыр айының басынан бері вирус жұқтырғандар саны күннен күнге азайып, ал жазылып шыққандар саны артып келеді. Бүгінге дейін елде 138 мыңнан астам адам вирус жұқтырған болса, солардың 92 мыңнан астамы жазылып шыққан.

Айдос ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу