Мақтаарал ауданындағы ауыл тұрғындары үйлеріне қайтарылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданындағы ауыл тұрғындары үйлеріне қайтарылып жатыр

04.05.2020

Мақтаарал ауданындағы Мырзакент пен Ақжол ауылының тұрғындары өз үйлеріне оралады. Бұл елді мекендерге төнген қауіп сейілді. Техногендік төтенше жағдай жарияланған ауданда Жеңіс, Өргебас, Достық, Жаңатұрмыс, Фирдоуси ауылдарын су шайып, жалпы 36 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілген болатын. Соның 17 мыңы үйіне оралмақ.

Бүгінде Өргебас, Ырысты, Нұрлы жол, Жаңтақтай ауылын жағалай дамбалар салынып жатыр. Соның арқасында 5 ауылға, оның ішінде 14 мың тұрғыны бар Мырзакентке төнген қауіп сейілді. Бұл ауылдардың тұрғындары үйлеріне қайтарылып жатыр. Жетісай ауданына қарайтын, Қоғалы халқы қайсарлық танытып, шекара жақтан сарылдап жатқан суды ауылға кіргізбей, бөгеп отыр. 6000 қап құм толтырылыпты. Оған төтенше жағдайлар департаменті, Қазсушар, тұрғындар мен волонтерлар бар, бас- аяғы 650 адам, 15 техника жұмылдырылды.

Облыс билігі Мақтарал тұрғындарын сабырға шақырып отыр. 22 эвакуациялық пункте жапа шеккендерге барынша жағдай жасалған. Су алған ауылдарды күзету үшін қосымша күш тартылды. Ұрлық-қарлыққа жол берілмейтінін айтады. Тек суда қалған дүниені алып шығам деп әуреленудің қажеті жоқ. Себебі суға батқан үй кез келген уақытта жапырылып құлауы мүмкін.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу