Қытайда вирусқа қарсы төртінші вакцина сынақтан өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда вирусқа қарсы төртінші вакцина сынақтан өтуде

29.04.2020

Әлем елдері бірінен кейін бірі карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр. Дегенмен, қатаң режим алынса да қауіпсіздік шаралары сақталып қалады. Мысалы, Америкаға бару үшін енді ұшақ жолаушылары коронавирусқа тест тапсыруы керек. Ал Қытайда коронавирусқа қарсы төртінші вакцина сыналып жатыр. Бұл препарат еріктілерге аз, орта және жоғары дозада енгізіледі. Мамандардың айтуынша, бұған дейін дайындалған үш вакцинаны тестілеу ойдағыдай жүріп жатыр.

АҚШ болса халықаралық әуе рейсі жолаушыларын коронавирус тестін тапсыруға міндеттемек. Медициналық тексеру сапарға шығар алдында жүргізіледі. Ал ұшақ ішінде адамдар маска тағуы тиіс.

Америкада жұқпалы дертке шалдыққандар саны миллионнан асты. Елде коронавирус алғаш рет иттен анықталып отыр. Жануар инфекцияны иесінен жұқтырған.

Ал Ресейде жұмыссыз режимі мамырдың 11-не дейін ұзартылды. Оған дейін қоғамдық орындар жұмыс істемейді. Тұрғындарға тек электронды код арқылы көшеге шығуға рұқсат. Елде індетті жұқтырғандар саны жүз мыңға таяды.

Испания да қатаң талаптарды мамырдың 4-нен бастап жеңілдетпек. Шектеулерді бәсеңдету 4 кезеңге бөлінген. Егер маусымға дейін жағдай жақсарса, тіпті футбол чемпионаты да өтуі мүмкін.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу