Италия мен АҚШ карантин талаптарын жеңілдетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италия мен АҚШ карантин талаптарын жеңілдетеді

27.04.2020
Италия мен АҚШ карантин талаптарын жеңілдетеді

Еуропа елдерінде коронавирустан болған өлім-жітім азайып жатыр. Сондықтан кей елдер карантин шараларын жеңілдете бастады.

Италия премьер-министрі Джузеппе Конти 4 мамырдан бастап елде кейбір шектеулер алынып тасталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тамақтанатын орындар мен мейрамханалар тамақ сата алады, қазір оларға тек үйге тапсырыс беруге рұқсат етілген. 

Италиялықтар бұрынғысынша елдің аумағында саяхаттай алмайды, бірақ оларға қаладан қалаға бір провинция шегінде баруына рұқсат етіледі. Туған-туыстарына шағын топпен тек маска киіп баруы керек. 

Сондай-ақ саябақтар да ашылады, бірақ онда көп адамның жиналуына тыйым салынады.

Испанияда балаларға ойнауға рұқсат етілді. Олар енді тұрғын үй аумағына 1 сағатқа шыға алады. Балалар алаңы әзірге жабық, алайда велосипед, скейтборд тебуге рұқсат етіледі.

АҚШ-та барлық штат жұма күні елде ауырғандар саны күн санап артқанына қарамастан, карантин шараларын жұмсарта бастады. Америка Құрама Штаттарында Covid-19 жұқтыру мен одан қайтыс болу жағдайлары әлемнің басқа елдеріне қарағанда көбірек: соңғы мәлімет бойынша 957 мың адам коронавирус жұқтырса, 54,4 мың адам қайтыс болған. 

Осы аптада Джорджия, Оклахома, Аляска және Оңтүстік Каролина карантинді жеңілдетуге көшті. Олар келесі аптада шектеулерді одан әрі алып тастауға шақырды. 

АҚШ-тағы коронавирус індетіне қарсы күрес жөніндегі Ақ үйдің үйлестірушісі, доктор Дебора Биркс журналистерге карантин шараларының бір бөлігі елде жақын арада бірнеше айға дейін сақталатынын растады.

Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон COVID-19 вирусынан сауығып, Даунинг стрит 10 мекенжайындағы резиденциясына оралды.

27 сәуірде коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан Ұлыбритания премьер-министрі қауіпті індетпен күреске жауапты министрлермен отырыс өткізеді деп жоспарланған.

Джонсон бір апта ауруханада жатты, содан кейін екі апта қала сыртындағы Бакингемшир графындағы Чекерс резиденциясында емделді.

Үндістан мен Израильде дүкендер ашылды. Алайда адамдарға арақашықтықты сақтауға, маска киіп жүруге кеңес берілді. 

Ухань ауруханасынан соңғы науқас емделіп шықты. Енді бұл қалада коронавирус жұқтырды деген диагноз қойылған науқастар жоқ.

bbc.com

Хабарламаларға жазылу