Наурыз айында 16 453 медициналық қызметкер үстеме ақы алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз айында 16 453 медициналық қызметкер үстеме ақы алды

22.04.2020

Наурыз айында коронавируспен күреске тартылған 16453 медициналық қызметкер үстеме ақы алды. Оның 1366-ы қауіптілігі аса жоғары бірінші санатқа жататындар. 7180 қызметкер екінші, ал, 7900 маман үшінші санат бойынша қосымша қаржыға қол жеткізгендер. Бұл үшін бюджеттен 40 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Елордалық дәрігерлерге осының 646 миллион теңгесі бөлінді.  

Павлодар облысында жұқпалы дерттің алдын-алуға 500-ге тарта инфекционист дәрігер жұмылдырылған. Себебі, Павлодарда вирус жұқтырғандар күн санап көбейіп келеді. Қазір - 37 адам. Тіпті 9 жасар қыз баладан да анықталып отыр. Дертпен күресте үй бетін көрмейтін дәрігерлердің арқасында 1 адам дертінен айықты.

Ал Шымкент қаласында коронавируспен күреске 1 мың 290 медицина қызметкері тартылған. Нәтиже жаман емес. Өткен аптада бір отбасының 9 адамы емделіп шықты. Сауыққандардың екеуі — бала, біреуі —1 жасқа толмаған сәби.

Үстеме ақы тағы екi ай қатарынан берiледi. Бұл бастарын қатерге тiгiп, өз жұмыстарын адал атқарып жүрген медициналық қызметкерлер үшiн үлкен демеу екенін айтады мамандар.

Сәуле АЛДАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу