Жемқорлықпен ұсталғандардың басым бөлігі - Ішкі істер қызметкерлері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлықпен ұсталғандардың басым бөлігі - Ішкі істер қызметкерлері

22.04.2020
Жемқорлықпен ұсталғандардың басым бөлігі - Ішкі істер қызметкерлері

Осы жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлығы үшін 417 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов мәлімдеді.

Жалпы, биыл жемқорлық үшін жазаға тартылған тұлғалар саны 9 пайызға артқан. Олардың ішінде әрбір төртінші адам - мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары.

«Толықтай алғанда, қылмыстық жауапкершілікке 417 тұлға, оның ішінде республикалық деңгейдегі - 11, облыстық деңгейдегі -37, қалалық және аудандық деңгейдегі 35 басшы тартылды», - деді департамент басшысы.

Нұрлан Жақсымбетовтің дерегінше, орталық мемлекеттік органдар арасында жемқорлық қылмысы үшін жазаға тартылғандардың 57 пайызы - Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері. Мұнан бөлек, Экология, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Индустрия министрліктерінің де бірнеше қызметкері жемқорлық қылмысы үшін ұсталған. Ал жергілікті атқарушы органдар арасында осы жылдың 1-тоқсанында ШҚО, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Павлодар облыстары әкімдіктерінде жемқорлар көп ұсталғаны белгілі болып отыр.

Хабарламаларға жазылу