Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен босатылды

21.04.2020

Алматыда коронавирус жұқтырушылар қатары еселеп артып барады. Соңғы бір тәулікте қауіпті инфекция 145 адамнан анықталды. Қазір алып мегаполис COVID-19 вирусын жұқтырудан алғашқы орында. Бүгін диагнозы расталған жалпы 669 жағдай тіркеліп отыр.

Сондай-ақ Тілеухан Әбілдаев Алматы қаласы Қоғамдық қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметінен босатылды. Оның орнына бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров тағайындалды.

Қазір қаладағы жұқпалы аурулар стационарларында коронавирустан 577 науқас емделіп жатыр. Дәрігерлер екі пациенттің жай-күйі өте ауыр, 6 адамда ауыр екенін айтуда. Ауырғандармен қатар, дертінен айыққандар да күн сайын көбейіп жатыр. 88 науқас коронавирустық инфекциядан сауығып, үй карантиніне шығарылған.

Ал мегаполис көшелерінде коронавирусты анықтайтын мобильді тестілеу орталықтары жұмысын бастады. Тұрғындар вирустың бар-жоқтығын тегін тексерте алады. Тест арнайы зертханалардан бөлек, қаланың кез келген жерінде алына береді. Сақтық шарасы ретінде көлігіңізде отырып та тапсыруға мүмкіндік бар.

Жазира ОРАЗҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу