АЭФ аясында10 ірі жоба бойынша меморандумдар мен жол карталары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭФ аясында10 ірі жоба бойынша меморандумдар мен жол карталары бекітілді

17.05.2018

Ауыл шаруашылығы саласындағы әлемдік алпауыт компаниялар Қазақстанға инвестиция құюға дайын. Астана экономикалық форумы аясында бүгін 10 ірі жоба бойынша меморандумдар мен жол карталары бекітілді. Оның ішінде Түркістандағы түйе мен бие сүтін өңдейтін зауыт пен Петропавлдағы техника құрастыру кәсіпорнын салу секілді ірі жобалар бар. Форум аясында бұдан бөлек, Еуразиялық одақ пен Қытай және Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қол қойылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған сессияда ортақ сомасы 300 миллиард болатын 10 құжатқа қол қойылды. Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысында тұралап қалған «Кроун Батыс» ірі қара бордақылау кешеніне халықаралық ірі «Dunbia» компаниясы инвестиция құятын болды.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Осыдан бес жыл бұрын бір мәселемен тоқтап қалған болатын. «ҚазАгро» мен Ауыл шаруашылық министрлігі осыған үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ал, инвестор осыған қызығушылық танытуда. Яғни, ол жерде 10 мың бас бордақылау орнын қайтадан қалпына келтіру жоспарда бар.

Сондай-ақ, тамыз айында Түркістанда Қазақ-Қытай бірлескен жобасы іске қосылды. Түйе мен бие сүтін өңдейтін зауыттың құрылысы қазір 85 пайызға дайын.

Ауыл шаруашылығы соңғы екі жылда 4,5 пайыздық өсім беріп отыр.  Инвесторлардың келуі де осымен байланысты. Министрлік пен ет одағы бұдан бөлек, трансұлттық компаниялармен құс, балық, ірі қара етін өңдейтін бірнеше жоба мен техникаға қатысты келісім бекітті.

Құмар Ақсақалов,  Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Әлемде «John Deere» және «Класс» компаниясы танымал компаниялар қатарында. Құрастыру зауытын жасау үшін бүгін меморандумға қол қойылды. Петропавл қаласында іске асатын болады.

Форум аясындағы маңызды жаңалықтың бірі  - Еуразиялық одақ пен Қытай және Иран арасындағы еркін сауда аймағы жөніндегі келісім. Қазақстан атынан құжатқа бірінші вице-премьер Асқар Мамин қол қойды. Аталған құжат екі жыл талқыланды. Қытаймен одақ арасындағы келісімде баж салығына қатысты мәселе қозғалмайды. Дегенмен, сауда-саттықтағы техникалық кедергілерді азайту мен санитарлық, фитосанитарлық және электронды сауда-саттықты дамытуға қатысты қадамдар бар. Дәл осындай келісім Иранмен уақытша мерзімге бекіді.

Тигран Саркисян, Еуразиялық экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы:

- Иранмен бекіген уақытша келісім біздің сарапшылардың пайымдауынша, одақ пен Иран арасындағы сауданы 1,5 есе арттырады.  Бұл дегеніміз, біздің елдердің экономикасына үлкен серпін беріп, экспортты арттырады. Уақытша келісімнен кейін толыққанды құжатты бекітуге кірісеміз.

Экономикалық одақ елдерінің ортақ сессиясында аталған келісімді жетілдіру жолдары талқыланды. Оған одақтың іскерлік кеңесінің президенті Виктор Христенко төрағалық етті.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу