Медицина қызметкерлеріне індетпен күрес жолындағы жанқиярлық еңбегі үшін мемлекет тарапынан мейлінше қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, қарағандылық 3 мың маман осындай қосымша төлемді иеленді. Оның ортақ сомасы 336 миллион теңге. Сондай-ақ тәуекел тобына кірмеген қызметкерлер де облыстық бюджеттен жалпы сомасы 69 миллион теңге қосымша ақы алды. Бұл ретте жедел жәрдем жүргізушілері, фельдшерлер мен диспетчерлерге де үстеме ақы қарастырылған. Мемлекет тарапынан жасалған бұл қамқорлық медицина қызметкерлерін жігерлендіре түсті.
Індет өршіп тұрған аймақтардың бірі Қызылорда облысында да эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған 400-ге жуық медицина қызметкері қосымша үстеме ақы алды. Оларға 54 миллион теңге бөлінді. Науқастардың өміріне араша түскен дәрігерлер ұжымы өз міндетін адал атқаруда. Олар күндіз-түні аурухана мен стационарлық орталықта ем-дом шараларын жүргізіп жатыр. Бақылау бекеттерінде де ақ халаттылар тынымсыз жұмыс істеуде. Жалпы медицина қызметкерлеріне санатына қарай 850 мыңнан 200 мың теңге аралығында үстеме ақы төленді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ