Қостанай облысының Қарамырза ауылында 60 үйді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Қарамырза ауылында 60 үйді су басты

10.04.2020

Қостанай облысының Қарамырза ауылында 60 үйді су басты. Мамандар бұған ауа райының аяқ асты бұзылуы себеп болды дейді. Жылдамдығы 30 метрден асқан желдің күшімен толқын көтеріліп, Тінтуір өзенінің суы ауылға лап қойған. Тасқын кезінде 193 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Ауылға кірген судың биіктігі жарты метрге дейін көтерілген. Оқиға осыдан үш күн бұрын болса да жергілікті билік бұл туралы бүгін ғана мәлімдеді. Жел басылған соң су қайтадан арнасына түсіп, қайта бастаған. Ой шұқырға жиналғаны құрғатылған. Қазір ауылда су басқан үй жоқ. Алайда көшенің астаң-кестеңі шығып жатыр дейді тұрғындар. Тасқыннан мал-жан зардап шекпеген. Билік өкілдері тұрғындардың материалдық шығынын өтеуге қазынадан 10 миллион теңгеден астам қаржы бөлеміз деп отыр.

Ал Шығыс Қазақстандағы өзендерде сең жүре бастады. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тасқынға жол бермеу үшін жағдайды әуеден бақылауға алды. Тікұшақпен Өскемен қаласы, Алтай және Қатон-Қарағай ауданындағы ахуалды көріп қайтты. Сонымен қатар, Сенное ауылында жедел-құтқару жасағының мамандары Бұқтырма өзеніндегі су деңгейін тәулік бойы қадағалауға көшкен. Жағдай тұрақты, су деңгейі қауіпті белгіге жақындаған жоқ дейді мамандар.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу