Ақмола облысындағы қарттар үйінде жағдай ушығып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы қарттар үйінде жағдай ушығып тұр

10.04.2020
0:00:00
0:00:00

Ақмола облысында коронавируска қатысты жағдай ушығып тұр. Кеше ғана «Шапағат» атты арнайы қызмет көрсету орталығында 13 адам коронавирус жұқтырып және 2 адам қайтыс болғанын айтқан едік. Бүгін тап сол орталықтың тағы 4 адамы індеттің ілмегіне ілінді. Осылайша, облыста «COVID-19» инфекциясына шалдыққандар саны 61-ге жетті.

«Шапағаттың» шапағатын тек қарттар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да көреді. Орталық Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан. Мекемеде 145 адам тұрады. Бүгінгі мәліметке сәйкес, орталықтың 39 адамы вирус жұқтырған. Оның бірі мекеме қызметкері. Ал, қайтыс болған екі егде адамнан вирус тек мәйітті тексергеннен кейін ғана анықталған.

Қазіргі таңда орталықтағы барлық адамдар оқшауланды. Олар Аршалы мен Ақкөл аудандық орталық ауруханаларына және Көкшетау қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Арнайы қызмет көрсету орталығында егде адамдар мен 1-2-топтағы мүгедектер өмір сүріп келгенін жоғарыда айттық. Көбі бұрынан сырқат. Сол себепті, қазіргі ахуалдары ауыр. Бірақ, оларға барлық тиісті ем-дом шаралары жасалып жатыр.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу